Атырауда балалар үйіндегі ұрып-соғу дерегін арнайы комиссия тексеріп жатыр
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылында 57 тәрбиеленуші бар.
«Балалардың құқығын шектеу деген мәселе туындамауы керек. Біз бұл мәселеге ерекше назар аударып отырмыз. Қазір облыстық білім басқармасы жанынан арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамындағы психологтар әр баламен жеке әңгімелесіп, тексеру жүргізіп жатыр. Балалардың психологиялық жағдайына баға беріледі. Педагогикалық құрамның тәрбие жұмысына сараптама жасалады. Арнайы комиссияның тексеру қорытындысы туралы кейін хабарлаймыз», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.
Айта кетейік, әлеуметтік желі қолданушысы Дина Таңсәрі Атыраудағы «Шаңырақ» балалар үйінде тәрбиеленушілер соққыға жығылатыны туралы жазба қалдырған еді.
«Баланы ұрған. Ол бұл туралы балаларға арналған сенім телефонына хабарлаған. Комиссия келіп, ешқандай заң бұзушылық таппайды. Бұл аз болғандай, комиссия директордың өзі балалар үйін тексеруі керек деп хабарлайды. Комиссия балалардың шағымдарын мүлдем елемейді. Бес жасар қызды да ұрған», - деп жазды ол.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда балалар үйіндегі ұрып-соғу дерегіне байланысты тергеу басталғанын хабарлаған болатынбыз.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, әлеуметтік желіде жарияланған балалар үйі тәрбиеленушілерін ұрып-соғу дерегіне байланысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
«Әлеуметтік желіде таралған балалар үйіндегі деректерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 1-бөлігімен (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.