Атырауда бюджеттен 91 млн. теңге ұрлау фактісі бойынша кезекті қылмыстық іс қозғалды
АТЫРАУ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Атырау облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті 91 млн. теңгеден астам бюджет қаражатының ұрлану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қылмыстық іс 176-баптың 3 бөлігі, «б» тармағы бойынша (сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін жымқыру немесе ысырап ету) «СнайбОйлСтрой» ЖШС-нің директоры Б. есімді азаматшаға қатысты қозғалды. ЖШС директоры бөтеннің мүлкін ұрлау пиғылымен «Атырау облысының құрылыс басқармасы» ММ-мен Махамбет ауданының Алмалы ауылында балалар лагерін салуға келісімшарт жасасып, актілерде атқарылған жұмыстың тым артық көлемін көрсеткен деп айыпталуда. Нәтижесінде 91 млн. 516 мың 933 теңге бюджеттік қаражат ұрланды.
Еске салайық, «СнабОйлСтрой» ЖШС Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің командасының бюджеттік қаражатты аса ірі көлемде жымқыру ісі бойынша өтіп жатқандардың бірі. «СнабОйлСтрой» ЖШС-нің негізгі иесі облыстық мәслихаттың құрамынан шығарылған және кейіннен белгісіз бағытта ізім-ғайым жоқ болған Айбат Сүлейменов болып табылады. Ол іздеуге жарияланды.