Атырауда домбыра пішіндес мәдениет орталығы салынады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Президент тапсырмасына орай Атырауда құрылысы тоқтаған концерт залы бұзылып, оның орнына домбыра пішіндес мәдениет орталығы салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Президент биылғы қарашада Атырауға келген сапарында мәдениет орталығын салып, оған Құрманғазының атын беруді ұсынған еді.

«Облыстағы мәдениет саласын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Қалада мәдениет орындарының көбірек болғаны жөн. Мен Атырау қаласында дарынды жастар үшін мәдениет және шығармашылық орталығын салуды тапсырамын. Оны қазақ күй өнерінің алыбы – Құрманғазының атымен атауды ұсынамын», – деген еді Президент.

Мемлекет басшысының сынына ілінген нысанның бірі – Атыраудағы концерт залының құрылысы. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, концерт залының құрылысы 11 жыл бұрын тоқтап қалған.

«Қазір концерт залының құрылысы аяқталмаған нысанын қайта жандандыру үшін инвесторлар тарту көзделді. Бірнеше инвестормен келісім жүргізілді. Алайда, қазір концерт залының нысаны тозып тұр. Сол себептен, оны бұзуға шешім қабылданды. Орнына жаңа мәдениет және шығармашылық орталығы бой көтереді. Нысанның негізгі ғимараты домбыра пішіндес болады. Жаңа ғимараттың бір қанатына облыстық тарихи-өлкетану музейі орналасады. Ғимараттың екінші қанаты концерт залына лайықталады», -деп мәлім етті Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда құрылысы тоқтаған концерт залының орнына мәдениет орталығы салынатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар