Атырауда экстремистік бағыттағы ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті
АТЫРАУ. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Атырау мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты қаланың тоғыз тұрғынын ұйымдасқан қылмыстық топ құруда және ауыр қылмыстарды жасауда айыпты деп таныды.
Сот талқылауының барысында анықталғандай, барлық сотталушылар Қазақстан үшін дәстүрлі емес дін ағымдарының біріне негізделіп ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында болған.
2011 жылдың 11 желтоқсанында қылмыстық топ мүшелері олардың құрамынан шыққан бұрынғы жақтасын ұрып-соғып, одан кейін пышақ жарақаттарын салып, қала сыртындағы далаға тастап кетті. Ауыр жараланған жас адам жақын кентке дейін жете алды, оның тұрғындары жедел медициналық көмек пен полицияны шақыртты. Дәрігерлер жас жігіттің өмірін сақтап қалды, оның түсініктемелері ҰҚТ мүшелеріне қатысты дәлелді база ретінде негізге алынды.
Сот оларға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ең үлкен мерзім - 10 жылға ҰҚТ-тың ұйымдастырушысы мен басшысына берілді, оның топтың қалған мүшелері «әмір» деп атайтын.
Сотталушылар жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді.