Атырауда қаржы полицейлері мемлекет қазынасына 7 миллиард теңге қайтарды
АТЫРАУ. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атыраудың қаржы полицейлері 2010 жылы мемлекет қазынасына 7 миллиардтан астам теңгені қайтарды.
Атырау облысының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, өткен жылы салық төлеуден жалтарумен, бюджет қаражатын қымқырумен, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңсыздықтармен байланысты 447 қылмыстың беті ашылған. Әсіресе, мемлекетке ең көп шығын әкелген салық төлеуден жалтарумен байланысты 47 факті анықталған. Осындай заңбұзушылықтарды тексерудің қорытындысы бойынша барлығы 6,5 миллиард теңгенің заңбұзушылығы анықталған. Кінәлілерден 5,8 миллиард теңге өндіріліп, мемлекет қазынасына қайтарылған.
Өңірде «кең тараған» қаржылық қылмыстардың тағы бір түрі - жалған кәсіпкерлік. Өткен жылы осындай фактілер бойынша 20 қылмыстық іс қозғалған. Жалған кәсіпкерліктің салдарынан мемлекетке 1 миллиардтан астам теңгенің келтірілген шығыны анықталған және оның 450 миллион теңгесі өндірілген.
Қаржы полицейлері былтыр сондай-ақ мемлекетке 274 миллион теңгенің шығынын келтірген сыбайлас жемқорлықпен байланысты 95 қылмысты анықтаған. 29 жемқор сот шешімімен түрлі жазаға тартылған.