21:24, 01 Маусым 2015 | GMT +5
Атырауда құлап қалған жатақхананың тұрғындарына жаңа пәтерлер беріледі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда құлап қалған жатақхана тұрғындары жайлы пәтерлер алатын болды, деп хабарлады қала әкімінің брифингінде Нұрлыбек Ожаев.

«Нұрсая ауданында 240 пәтерге тұрғын үйлер салынуда, бүгінде оның құрылысы аяқталып қалды. Сол жатақханада тіркеуде тұрған тұрғындар осы ауданнан пәтер алады. Қалада апатты 36 үй бар. Олардың алтауы жаңа үйге қоныс тепті. Қалған апатты үйлер 2020 жылға дейін бұзылатын болады», - деді Н.Ожаев.
Еске салсақ, Атырауда жексенбіде бес қабатты жатақхананың үш қабаты құлады. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. «1974 жылы салынған жатақханада 140 адам тұрып келген. Олар бұрын тасқыннан зардап шеккендер орналастырылған ғимаратқа көшірілді», - деп хабарлады Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова. Жатақхана ресми түрде апатты деп танылған. Оны биыл бұзбақ болған.