Атырауда құсбегілердің республикалық чемпионаты өтіп жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда құсбегіліктен ересектер арасында республикалық чемпионат өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
Фото: Атырау облысы спорт және денешынықтыру басқармасы

Атырауда бүгін, 24 ақпанда ұлттық спорт түрі – құсбегіліктен ересектер арасындағы XVI Қазақстан чемпионаты басталды.

Оған еліміздің 14 өңірінен 100-ге жуық спортшы қатысатыны жоспарланған. Сайыс 3 түрлі спорттық құс – бүркіт, қаршыға және ителгі арасында өтеді.

Чемпионат Атырау қаласынан 20 шақырымдай қашықтықтағы Жаңаталап ауылының маңында өтіп жатыр.

Бүркітшілер алғашқы күні 31 бүркітті сынға салды.

Бұл күні бүркітшілер арасында бүркітті қолға қондыру сайысы өтті.

Аталған сайыстың нәтижесінде қазылар 18 бүркітті келесі айналымға өткізді.

«Өзге өңірлерден әкелінген бүркіттер жерсініп үлгермегені байқалып отыр. Сол себептен, кейбір бүркіттер ұшпай қалды. Сондай-ақ, Жайық өзенінде желдің ұйытқи соққаны да әсерін тигізді. Кейбір бүркіттер иесіне бірден бармай, сарышұнақ, кептерлерге түсіп жатты. Ал ережеге сәйкес тікелей иесінің қолына қонған бүркітке ғана максималды 10 ұпай беріледі. Ауа райының қолайсыздығы ескерген төрешілер алқасының келісімімен 9 ұпайды еншілеген қатысушылар да келесі айналымға өткузуге шешім қабылданды», -деп хабарлады облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Бүркітшілер чемпионаты ертең, 25 ақпанда да жалғасады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында құсбегіліктен Қазақстан чемпионаты өтетіні хабарланған еді.


Соңғы жаңалықтар