Атырауда мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерге 5,4 млн теңге депозитін қайтармаған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерге 5,4 млн теңге депозитін қайтарудан бас тартқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жергілікті кәсіпкер биылғы ақпанда Қытайдан кедендік декларациялау рәсімінен өткен тауар сатып алған.

Ал, салық органының қызметкерлері тауардың құны мен барлық құжаттарды одан әрі тексеру үшін 5 млн 802 мың 717 теңге мөлшерінде депозит енгізу туралы талап берген. Бұл қаржының 357 423,42 теңгесі бюджетке аударылған.

«Депозит енгізілгеннен кейін мемлекеттік кірістер комитеті басқа құн бойынша баж және қосымша құн салығын қосымша төлеу қажеттігі туралы шешім шығарған. Кәсіпкер келісіп, қарыз сомасын төлеп, депозиттің қалған сомасын қайтару туралы өтініш жолдаған. Алайда, 2 аптадан астам уақыт ішінде 5,4 млн теңге депозитін қайтара алмаған. Қазір кәсіпкер жыл сайынғы корпоративтік табыс салығын ақша қаражатының жеткіліксіздігіне байланысты төлей алмай жүр. Бұл өз кезегінде өсімпұлдың пайда болуына және төлемнің кешіктірілуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осыған байланысты кәсіпкер облыстық мемлекеттік кірістер департаментіндегі лауазымды тұлғалардың 5,4 млн теңге депозитін қайтарудан бас тартуына қатысты жүгінді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Өңірлік департамент тарапынан уәкілетті органға жолданған ұсыныстан соң депозитке салынған ақшалай қаражат қайтарылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда қос аурухана кәсіпкерлерге 900 млн теңгеден астам қаржыны төлемей келгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар