Атырауда Мемлекеттік рәміздер күніне орай Республикалық патриоттар форумы өтедi

«Менің Қазақстаным» атты VІ Республикалық патриоттар форумы өтеді. Бұл туралы ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнен хабарланды.
Форум жұмысына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед, Парламент депутаттары, Мемлекеттік рәміздердің авторлары, Президент Әкімшілігінің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері қатысады.
Форумның алғашқы күні делегаттар өңірдің рухани және тарихи мұраларымен танысу мақсатында Атыраудың мұражайларын, тарихи және мәдени орындарын аралайды.
"4 маусымда еліміздің барлық өңірлерінде бір мезгілде (Астана уақытымен сағат 11.00) Мемлекеттік әнұран орындалады. Бұл күні сондай-ақ Атырауда және еліміздің барлық облыс орталықтарында Мемлекеттік рәміздерді салтанатты алып жүрумен «Біздің Ту, Біздің Елтаңба, Біздің Әнұран» атты патриоттық акция өтеді. Форум аясында сондай-ақ, «Жыл патриоты» атты құрметті атағымен марапаттау рәсімі өткізіледі. Әртүрлі аталымдар бойынша үздік спортшылар, әртістер, өз кәсібінде жетістікке жеткен, қайырымдылық көрсеткен азаматтар, ғалымдар, қоғамдық ұйымдар басшылары марапатталатын болады", - делiнген хабарламада.
4 маусым күні барлық облыс орталықтарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған мерекелік іс-шаралар өткізіледі.