Атырауда «Менің Қазақстаным» атты VІ Республикалық патриоттар форумы өтеді

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - 2013 жылғы 3-4 маусымда Атырау қаласында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Менің Қазақстаным» атты VІ Республикалық патриоттар форумы өтеді.
None
None

«Форумға Қазақстанның барлық аймақтарынан қоғам қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, интернационал жауынгерлер, шығармашыл және ғылыми зиялы қауым, жастар, БАҚ, ҮЕҰ өкілдерінен арнайы делегаттар қатысады. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрі М. Құл-Мұхаммед, Парламент депутаттары, Мемлекеттік рәміздердің авторлары, Президент Әкімшілігінің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері болады»,-делінген аталған министрліктің мәліметінде.

Форумның алғашқы күні республикамыздың облыстарынан келген делегаттар Атыраудың мұражайларын, тарихи және мәдени орындарын аралап мәдени іс-шараларға қатысады.

4 маусымда Астана уақытымен сағат 11.00-де еліміздің барлық өңірлерінде Мемлекеттік әнұран орындалып, Патриоттар форумы бастау алады. Бұл күні барлық облыс орталықтарында Мемлекеттік рәміздерді салтанатты алып жүрумен «Біздің Ту, Біздің Елтаңба, Біздің Әнұран» атты патриоттық акция өтеді.

Сондай-ақ, «Жыл патриоты» атты құрметті атағымен марапаттау рәсімі өткізіледі. Әртүрлі аталымдар бойынша үздік спортшылар, әртістер, өз кәсібінде жетістікке жеткен, қайырымдылық көрсеткен азаматтар, ғалымдар, қоғамдық ұйымдар басшылары марапатталатын болады.

Іс-шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін мерекелік концертпен аяқталады.

Сонымен бірге, 4 маусым күні барлық облыс орталықтарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған мерекелік іс-шаралар өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар