Атырауда «Менің Қазақстаным» форумында патриоттарға құрмет көрсетілді
АТЫРАУ. 4 маусым. ҚазАқпарат - Атырауда ел аймақтарының 200 делегаты және 5 мыңға жуық атыраулықтар қатысқан «Менің Қазақстаным» VI республикалық патриоттар форумы өз жұмысын жалғастыруда.
Форум шеңберінде «Жайық» спорт кешенінде патриот-номинанттарды марапаттау өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед форумға қатысушыларға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін жеткізді.
Осы жылы номинанттарды марапаттау бес санат бойынша өтті: «Әлемді мойындатқан Қазақстан», «Жоғары азаматтылық»¸ «Мен сені сүйем, менің Қазақстаным!», «Биікке ұмтылған Қазақстан», «Ұлттық мәдениет пен дәстүрдің дамуы». Барлық марапатталғандар - өз істерімен, әрекеттерімен тек қана Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де даңқы шыққандар.
Марапатталғандар арасында - басқа адамдарды құтқару үшін өзінің өлген анасының органдарын қолдануға келісім беріп, азаматтық ерлік жасаған Игорь Воротников, әртіс Қыдырәлі Болманов, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жүздеген жауынгерлердің аты жоқ зираттарын іздеп тапқан іздестіруші Майдан Құсайынов, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен және басқалар бар.