Атырауда мұнайшылар дуалдық оқыту жобасын іске қосты

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау мұнай және газ институты және «АРЕС Petrotechnic» Жоғары техникалық мектебінің студенттерін дуалдық оқытудің ілкі жобасын іске қосты.
None
None

«Дуалдық жобаның мәні Атырау мұнай және газ институты және «АРЕС Petrotechnic» Жоғары техникалық мектебіндегі оқытудың ең көне мұнай өндіру компаниясы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның кен орындарында өтетін өндірістік тәжірибемен біріктірілетінінде. Оның басты мақсаты - мұнай-газ саласының мамандарын оқытудың жаңа жүйесін енгізу жолымен даярлау, жоба мұнайшыларды «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-ның талаптарына сәйкес тәжірибелік даярлау сапасын арттыруға бағытталған», - деп хабарлады ЕМГ қызметкерлерді басқару және дамыту департаментінің директоры Гүлбану Шарафетденова.

Ілкі жобаға бірінші болып көбіне Атырау облысының 3-4 курстардың 34 студенті қатысады. Оқыту бағдарламасында студенттер 15 күн АМГИ мен «АРЕС Petrotechnic» Жоғары мектебінде теориялық білім алса, тағы 15 күн ЕМГ өндірістік бөлімшелері - «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз» және «Қайнармұнайгазда» оқиды.

Жас азаматтар студенттік жылдардан бастап мұнайшылар үшін қалыпты болып табылатын вахталық еңбек әдісіне үйреніп, тіпті табыс табуына да болады. Студенттердің жалақысы 60 мыңға жуық теңгені құрайды, оны төлеу шығындары мен оқытудың жаңа әдісін ұйымдастыру бойынша өзге де шығындарды ЕМГ өз мойнына алды.

Оқу аяқталған соң студенттер «ұңғымаларды зерттеу операторы» мамандығы бойынша кәсіби емтихан тапсырып, соның қорытындыларымен оларға еңбек кітапшасында біліктілік тағайындалады. Соңғысының түлектердің кейіннен жұмысқа орналасуына оң септігін тигізетіні сөзсіз. Қазақстандық жұмыс берушілердің жас азаматтарды жұмыс тәжірибесінсіз қызметке алғысы келмейтіні құпия емес.

«Әлемдік мұнай бағаларының төмендеуіне байланысты орын алған күрделі қаржылық жағдайға қарамастан, біз бұл жобаны іске асырмақшымыз, себебі мұнай-газ өнеркәсібі үшін болашақ кадрларды даярлаудың маңыздылығын сезініп отырмыз. Ол «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның басшылығымен келісілген. Жас азаматтардың ілкі жобаны іске асыру аясында ұсынылған мүмкіндіктерді барынша пайдаланатынына сенімдімін», - деді «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Құрманғазы Ісқазиев.

«Болашақта ЕМГ дуалдық оқыту жобасын кеңейту және кадрларды даярлау үшін Құлсары кен орнында оқу-сынақ полигонын салуды шамалап отыр. Кешен жатақхана, оқу ғимараттары, мұнай кәсіпшілігі және ұңғымаларды жөндеу құрылғыларынан тұрады», - деп ақпараттандырды «Ембімұнайгаз» АҚ баспасөз хатшысы Лаура Сүлейменова.

Соңғы жаңалықтар