Атырауда облыс әкімінің орынбасары мемлекеттен өндіріп алынған 10 млн. теңгеден бас тартты
Еске сала кетейік, 2012 жылдың сәуірінде ҚР ҚК 327-бабының 3-тармағы («Өзінше билік ету») бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылған С.Нақпаев, облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің отставкасынан кейін ҚР Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының қаулысымен қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты ақталып шықты. Бүгінгі таңда ол өңір жетекшісінің орынбасары лауазымында қайта отыр.
С. Нақпаев заңсыз сотталу нәтижесінде өзіне келтірілген залалды өндіру үшін «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі» ММ және «Атырау облысы бойынша Ішкі істер департаменті» ММ-ге қатысты арыз жазып, сотқа жүгінді. Арызда ол жауаптылардан қорғаушыға жұмсалған қаржыны, сотталу салдарынан ала алмай қалған жалақыны, барлығы 11,1 млн. теңге көлеміндегі соманы өндіріп алуды сұрады. Өтініште бастан өткерген қиыншылықтардың өтемақысы ретінде 10 млн. теңге көрсетілді.
Атырау қалалық сотының шешімімен арыз жартылай қанағаттандырылды. Сот Сәлімжан Нақпаевтың пайдасына мүліктік залал мен соттық шығын үшін 9,1 млн. теңге көлемінде және моральдық залал үшін 1 млн. теңге қаржыны республикалық қазынадан өндіріп алуды шешті. Сондай-ақ, сот ҚР Қаржы министрлігін С. Нақпаевқа тиесілі зейнетақыны аударуға міндеттеді.
С. Нақпаевтың БАҚ-қа берген ақпаратына сүйенсек, ол өтемақыдан толық көлемде бас тартып отыр. Бұл бағытта ҚР Қаржы министрлігіне, Атырау облыстық сотына, облыстық прокуратураға және сот актілерін орындау бойынша департаментке тиісті хат жолдаған. С. Нақпаевтың айтуынша, ол арыздарды облыс әкімі қызметіне қайта тағайындалғанға дейін жазды және бұған дейінгі ісін қате деп санайды.