Атырауда облыстың 3 жылдық бюджеті мақұлданды

АТЫРАУ. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Атырау облысында өткен облыстық мәслихат сессиясында алдағы 3 жылға арналған өңірлік бюджет мақұлданды.

Атырауда облыстың 3 жылдық бюджеті мақұлданды

2013 жылға облыстық бюджеттің шығыс бөлігі 74 млрд. 873 млн. теңгені құрады.

Жалпы даму бюджетінің көлемі 39 млрд. теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджеттен 27 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 16 млрд.-тан астам теңге құйылды.

Сондай-ақ республикалық бюджет есебінен 2013 жылы 55 инвестициялық жобаны қаржыландыру жоспарлануда, олардың 45-і жаңа жоба болып табылады. Жалпы алғанда 1 млрд. 769 млн. теңге 8 мектеп пен 3 балабақшаның құрылысына бағытталатын болады. Құлсарыда бой көтеріп жатқан бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын емхана және Атырау қаласының Өркен шағынауданында жаңа емхана құрылысын жалғастыруға 579 млн. теңге қарастырылған.

«Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асыру мақсатында және Құрманғазы, Индер, Исатай, Қызылқоға, Мақат, Махамбет аудандарының тұрғындарын сумен жабдықтауға 3 млрд.-тан астам теңге бөлінуде.