Атырауда таэквондодан алғашқы Азия чемпионаты өтеді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда  таэквондодан ересектер арасында өтетін Азия құрлығындағы алғашқы ашық чемпионатқа 15 елдің спортшылары қатысуға өтініш білдірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атырауда таэквондодан алғашқы  Азия чемпионаты өтеді

7-9 қыркүйек күндері Атырау қаласында таэквондодан Азия құрлығындағы І Ашық Азия чемпионаты өтеді. Ересектер арасындағы турнирге 15 мемлекеттен 400-ге жуық спортшы қатысқалы отыр. Үш күндік додада Азия құрлығының үздіктері анықталатын болады. Жарыс 7 қыркүйек күні 9:00-де Мұз сарайында басталады. Сонымен қатар, Азия чемпионатының ізін суытпай, Атырау қаласында 9-11 қыркүйек күндері «KAZAKHSTAN OPEN - 2018» халықаралық турнирі өтеді.

Айта кету керек, өткен жылы Атырауда тұңғыш рет таэквондодан жастар арасындағы Азия чемпионаты ұйымдастырылды. Оған 26 мемлекеттен 500-ге жуық спортшы қатысты. Өткен чемпионаттың жоғары дәрежеде өтуіне орай Атырау облысы кезекті Азия чемпионатын өткізуге лицензия алған болатын.