Атырауда жеті шақырым тереңдікке дейін бұрғылай алатын қондырғы жасап шығарады - әкім

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысы Қазақстанда алғаш рет жеті шақырым тереңдікке дейін бұрғылай алатын бұрғылау қондырғысын жасап шығарды. Бұл қондырғы Қазақстанда ғана емес, Ресейде де сұранысқа ие. Бұл туралы бүгін Астана баспасөз мәслихатын өткізген Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлім етті.

Атырауда жеті шақырым тереңдікке дейін бұрғылай алатын қондырғы жасап шығарады - әкім

«Облыста екі жылдың ішінде америкалық және италияндық технологиямен жұмыс жасайтын екі үй құрылысы комбинаты іске қосылды. Соның нәтижесінде, облыс құрылыс үшін аса қажетті бетон бұйымдармен толықтай қамтамасыз етілді. Қазақстанда алғаш рет жеті шақырым тереңдікке дейін бұрғылай алатын бұрғылау қондырғысы жасалды. Облыста шығып жатқан бұрғылау қашаулары техникалық көрсеткіштері бойынша әлемдік стандартқа толықтай сәйкес келеді және бағалары төмен. Соның арқасында, бұрғылау қашауларына сұраныс тек Қазақстанда емес, Ресейден де артып отыр»,-деп хабарлады аймақ басшысы.

Б.Ізмұхамбетов мәлім еткендей, Атырауда сонымен қатар бұрын тек қана шетелден қымбат бағаға қиындықпен тасымалданатын салмағы бес жүз тоннадан асатын аса ауыр және үлкен темір қондырғылар шыға бастаған. Жалпы, әкімнің айтуынша, аймақ 2015 жылы жалпы құны 29 млрд теңге болатын 11 жоба іске қосуды жоспарлап отыр.