Атыраудағы «Менің Қазақстаным» патриоттар форумы лазерлік шоумен және әншілер концертімен аяқталды

АТЫРАУ. 5 маусым. ҚазАқпарат - Атырауда «Менің Қазақстаным» патриоттардың республикалық форумы кеше кешқұрым ерекше лазерлік шоумен және қазақстандық әншілердің мерекелік бағдарламасымен аяқталды.

Атыраудағы «Менің Қазақстаным» патриоттар форумы лазерлік шоумен және әншілер концертімен аяқталды

Жайықтың жағасында өткен таңғажайып салтанатты шараға форумның делегаттарымен қатар мыңдаған атыраулықтар қатысты.

Лазерлік шоуды украиналық Днепропетровск қаласының шығармашылық ұжымы ұйымдастырған. Биік орналасқан ғимараттардың бірінде және су бетінде жарықтың көмегімен еліміздің туы, елтаңбасы, ұлттық ою-өрнектер ерекше айшықталды. Жұртшылықты арнайы көтерілген катердің қабырғасында су бұрқағы арқылы салынған лазерлік суреттер тамсандырды.

Атыраулықтар алғаш рет куә болған лазерлік шоумен қатар қазақ эстрада жұлдыздары өз өнерлерін паш етті. Өзен кемелерінің бірі сахна ретінде қайта жарақтандырылған.

Айта кеткен жөн, Атырауда VI республикалық патриоттар форумы өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам делегат қатысқан. Ал форумға қатысушылардың жалпы саны (кешкі концертке келген тұрғындарды есепке алмағанда) 5 мыңнан асып жығылған.

Форум аясында өз ісімен елімізде ғана емес, өзге мемлекеттерде де аты шыққан патриоттар марапатталды. Осынау салтанатты рәсімде Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед фо­рум­ға қатысушыларды Мемлекеттік рә­міздер күнімен құттықтады.

- Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, Қа­зақстанның шынайы патриоты болу - Қазақстанды жүрегіңде сақтап жүру, Отанға, елге қызмет ету, Отаныңды қорғау, атамекенді сақтау. Міне, осының бәрі - патриоттықтың үлгісі, деді министр өз сөзінде.