Атыраудағы музей ежелгі күміс зергерлік бұйымдардың құпиясын ашты

«Бұл көрмеде әртүрлі жүзіктер, білезіктер мен бойтұмарлар, белбеулер мен қорымыздағы жүзіктерді ұсындық. Бұл жай ғана күміс бұйымдар емес, өткен ғасырдағы қазақ зергерлік мәдениетінің туындысы саналады. Қазақ халқы үшін күмістен жасалған зергерлік бұйымдар жай әшекей емес. Әр заттың өз мағынасы болған, онымен бірге қандай да бір тарих, оқиға, адамдардың сенетін ырымы байланысты болған», - деді Атырау тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова.
«Мысалы, құстұмсық жүзік бақыттың, жаңа өмірдің белгісі саналған. Сондай-ақ, ол хат рөлін ойнаған. Бұл жүзікті анасы ұзатылып бара жатқан қызына таққан. Тұрмысқа шыққан қызды оның жасы үлкен еркек кіндік туыстары - үлкен ағасы немесе ағайы бір жылдан кейін іздеп баратын болған», - деп түсіндірді музейдің этнографиялық бөлімінің меңгерушісі Ләззат Салихова.
«Олар қыздың үйінен сый-сыяпатпен қайтып келе жатқанда, анасы тағатсыздана ақ орамалды күтіп отырған. Егер орамалдың ішіне түйілген құсмұрын жүзік қайтып келсе, қыздың күйеуінің үйіне сіңісіп кеткенін білдірген. Егер қыз жүзікті қайтып бермесе, демек оның жағдайының жақсы болмағаны», - деді экскурсия жетекшісі Ғалия Назарбекова.
Екі саусаққа арналған қосарланған жүзік екі отбасының бірігуін білдірген. Ол «құдағи жүзік» деп аталған.
Қазақ шеберлерінің зергерлік бұйымдары әлемнің көптеген музейлерінде сақтаулы тұр. Эрмитажда да көптеп кездеседі. Ол негізінен - қазақ хандарының орыс патшаларына берген сыйлары. Көрме залында күміс бұйымдар жасалған құрал-жабдықтар ерекше орын алып тұр. Оны музейге Ресей Федерациясы Астрахань облысының аумағындағы Бөкей ордасында тұрған зергерлердің бірінің ұрпақтары берген.