Атыраудың Азғыр өңірі тұрғындарын таза ауызсумен қамту ең өзекті мәселе - С. Еңсегенов

АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Атыраудың Азғыр өңірі тұрғындарын таза ауызсумен қамту - бүгінгі күні ең өзекті мәселе.

Атыраудың Азғыр өңірі тұрғындарын таза ауызсумен қамту ең өзекті мәселе - С. Еңсегенов

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмидің атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Сәрсенбай Еңсегенов осы мәселені көтерді.

Сауал барысында сенатор Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Азғыр» ядролық сынақ полигонының қоршаған орта мен адамдарға әсерін тексеру үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын айтып, топтың өткен аптада Атырау облысының Азғыр өңіріндегі ядролық сынақ алаңдарында болғанын жеткізді. Жұмыс тобы Азғыр ауылында және осы өңірдегі үш селолық округ тұрғындарының өкілдерімен Сүйіндік селосында кездесулер өткізген.

«Азғыр ядролық сынақ полигонындағы он алаңда 1966 және 1979 жылдар аралығында жер астындағы тұз қабатында 17 ядролық сынақ өткізілген. Соңғы үш сынақ 1979 жылы А-8, А-10 және А-11 технологиялық алаңдарында жүргізілген. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, А-8 алаңындағы сынақ кезінде улы заттар жер қабатын жарып шығып, саңырауқұлақ тәрізді шаң-тозаң жер бетінде тұрған. Ал, А-9 алаңы аумағындағы жер опырылып төмен түсіп кеткен, нәтижесінде диаметрі 600 метр, тереңдігі 35 метр шұңқыр пайда болып, іші суға толып тұр. Мұндай белсенді ядролық сынақтардың өткізілуі Азғыр аймағының табиғатына және сол жердің тұрғындарының пайдаланып отырған ауызсу мен мал суаратын суларының сапасына әсері жоқ деп айтуға болмайды. Сынақ барысында пайда болған тоғыз жерасты қуыстарының барлығына су жиналған, бұл жерасты суларымен байланыстың болуын көрсетеді», - дейді депутат.

Бұдан бөлек, сенатордың айтуынша, мамандар Азғыр өңірінің геоэкологиялық жағдайын күрделі деп бағалап, кейбір көрсеткіштер бойынша апатты жағдайда екендігін қорытындылаған. Жер қыртысы мен өсімдіктер радионуклидтің көтеріңкі құрамымен залалданған. Ал жерасты суларының құрамында кадмий, литий, мыс, марганец сияқты элементтер мөлшері көп. Малды суаруға пайдаланып отырған жоғарғы деңгейдегі сулардың құрамындағы зиянды зат түрлері рұқсат етілген мөлшерден жүз есе артық деп көрсетілген. Зерттеулер нәтижесінде улы металдар мен радионуклидтердің зардабынан 15 пен 40 жас аралығындағы тұрғындардың қан құрамындағы қорғасынның мөлшері нормадан 1,6 есе жоғары болса, 30-39 жас аралығындағы адамдардың қан құрамындағы кадмий 4 есеге көбейіп кеткен.

«Сондықтан, Азғырдағы тұрғындарды таза ауызсумен қамту ең өзекті мәселе болып отыр. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Азғыр аймағындағы тоғыз елді мекенді Қоянды топтық су жүйесіне қосу басталып, 1995 жылы оның алғашқы кезеңі іске асырылды. Үкімет қаулысымен Қоянды сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын ерекше маңызды топтық жүйелердің тізбесіне енгізілген. Оның тез арада толықтай іске қосылуы адамдардың денсаулықтарын жақсартудың бірден бір жолы. Бірақ, бұл жобаның 2- және 3-кезеңдері Үкімет тарапынан жеткілікті қаржы бөліне тұрса да, соңғы он бес жыл бойы шешімін таппай келеді. Мемлекеттен екінші және үшінші кезеңге бөлінген 816 млн. 806 мың теңгенің игерілуінде түсініксіз жайттар көп. Атқарылған жұмыстар сапасыз, мемлекет қаржысы талан-таражға түсіп, құрылыстың аяқталуы жылдан жылға ауыстырылуда. Уақытында жоба әкімшісі Ауыл шаруашылығы министрлігінің су комитеті тарапынан бақылау жеткіліксіз болған. Осының бәрі маңызды әлеуметтік жобаның созбалыққа салынуына себебін тигізіп отыр. Сонымен бірге, бұл табиғи жағдайы қатал, ядролық сынақ өткізілген аймақта тұратын сегіз мыңға жуық адамдардың орынды реніштерін туғызуда», - деді депутат. Осыған орай, сенатор бас прокурордан мемлекеттік бақылаушы органдарды қатыстыра отырып, Қоянды топтық су құбырының құрылысын жүргізу кезінде заңнамалардың қолданылуына прокурорлық қадағалау тәртібімен тексеру жүргізуді сұрады.