Атыраудың Исатай ауданында 36 жел электр қондырғысы орнатылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраудың Исатай ауданында 36 жел электр қондырғысы орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиевтің айтуынша, аймақта жаңартылған энергия көздерін енгізу жоспарланып отыр.

«Исатай ауданына 36 жел электр қондырғысы орнатылды. Қазір оны іске қосу, сынақ жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр»,- дейді Мұрат Иғалиев.

Атырауда алғаш қолға алынған жоба табысты болады деген сенім бар. Оның қуаты 53 МВт-ты құрамақ. Қондырғы пайдалануға берілгеннен соң «Атырау-Жарық» АҚ-ның желісіне қосылады. Осылайша, қосымша қуат көзі тапшылықты азайтуға мүмкіндік береді.

Мұрат Иғалиевтің пікірінше, өңірді жарықтандыруға қатысты өзге де жобалар жеткілікті. Соның дені мемлекеттік-жекемешелік әріптестікті іске асыру аясында қолға алынуда. Былтырдан бастап бері Атырау қаласының көшелерінде жарық желісінің құрылысын салу жұмыстары жүзеге асырылып келеді. Бүгінде 39 көшені жарықтандыру бойынша құрылыс-монтаж аяқталған. Енді облыс орталығының 189 көшесіне жарық орнату мәселесі шешілмек. Қаладан Индер және Доссор бағытындағы полиция бекеттеріне дейінгі жол аралығы жарықтандырылады.

«Мұндай жобалар тиімді. Жол бойына энергия үнемдеуші, озық технологиямен жасалған шамдар қолданылады. Бұл түнде тұрғындардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасайды. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», - дейді Мұрат Иғалиев.

Соңғы жаңалықтар