Атыраулықтар Ақтөбеде Исатай батырдың кесенесін тұрғызды

«Мен, мен едім, мен едім, Мен Нарында жүргенде, Еңіреп жүрген ер едім, Исатайдың барында, Екі тарлан бөрі едім, Қай қазақтан кем едім, Бір қазаққа тең едім», деп асқақ рухты, дауылпаз ақын Махамбет аға тұтып, жалаулы жырына қосқан халық батыры Исатай Тайманұлы Ақтөбе облысының Қобда ауданында мәңгілік тыныстаған. Тарихи деректерге сүйенген ғалымдар батырдың сүйегі Шейітсай аталатын жерде жерленген деген тоқтамға келді.
Өткен жылдың қыркүйегінде Атырау облысындағы Исатай ауданы мен Ақтөбедегі Қобда ауданы арасында ынтымақтастық байланыс орнату туралы екіжақты меморандум жасалып, содан бері іскерлік тұрғысында бірқатар шаралар қолға алынды. Исатай ауданының сол кездегі әкімі Нұрлыбек Ожаев ақсақалдармен, ғалымдармен ақылдаса келіп, Қобда ауданының әкімшілігіне Исатай батырдың кесенесін тұрғызу жөнінде ұсыныс айтты. Бұл ұсынысты көршілес облыстардың іскер азаматтары тарапынан қолдау тапты. Осылайша, Исатай Тайманұлы қоғамдық қоры құрылып, оған еңбек ұжымдары бір күндік еңбекақыларын аударды, мұнай компаниялары мен кәсіпкерлер демеушілік қаражатын түсірді.
Қобда ауданындағы Шейітсай жерінде 1991 жылы Исатай батырдың 200 жылдығын аталып өтілгенде ескерткіш белгі орнатылыпты. Исатай ауданының қазіргі әкімі Тұрарбек Сұлтанбековтің ұйытқы болуымен биылғы шілдеде сол жерде батыр кесенесін тұрғызу үшін маңғыстаулық шебер Нұрсұлтан Имашев іске кірісті. Кесене құрылысына Маңғыстау өңірінен әр данасы 2,5 тоннаны құрайтын 52 тас теміржолмен Жіңішке теміржол бекетіне дейін тасымалданып, одан әрі 220 шақырымдағы Шейітсайға автокөлікпен әкелінді. Маңғыстаулық шебер Нұрсұлтан Имашевтың айтуынша, кесененің биіктігі 10,5 метрді, ені 6 метрді құрайды. Кесене ішінде Исатай Тайманұлы мен оның ұлы Оспанның өмір сүрген жылдары мен Исатай батырдың бейнесі, сонымен бірге, Махамбет ақынның «Арыстан туған Исатай, Дегеніне жете алмай, Арманда өтіп кетті деп, Қиналсаңыз біздерге, Мың сан рахмет сіздерге!» деген шумақ өлеңі қашалып жазылған.
Батыр кесенесінің ашылуына Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев пен Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков, Қобда ауданы әкімінің орынбасары Болат Кулов, Исатай батырдың ұрпақтары атынан Ғазиз Шамақов пен Аманғали Құрманов, өзге де жанашыр азаматтар қатысты, деп жазады egemen.kz.