Атыраулықтар Оралға қатынайтын жол жиегіне 500 көшет екті

Атырау тұрғындарымен бірге көшет егуге облыс әкімі Серік Шәпкенов, облыстық, қалалық әкімдіктердің қызметкерлері қатысты. Олар республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» тас жолының бойына қарағаш, шаған мен үйеңкінің 500 көшетін екті.
Облыс әкімі шара аясында Сұлтан Бейбарыс даңғылындағы көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар ауладағы қауіпсіздік үшін бейнекамералар санын көбейтуді, үйлердің шатырын жөндеуге ықпал етуді сұрады. Кейін тұрғындар облыс әкімімен бірге аулаға 50 көшет егуге қатысты.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың мәліметінше елді мекендерінде көгалдандыру мен жасыл аймақтар құрудың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспары бар. Соның аясында 275 гектар аумаққа 540 мың көшет егіледі. Биыл 54,7 га жерге 111 042 көшет жоспарланған.
«Атырау облысында ормандарды өсіру мен молайтудың кешендік жоспарына сәйкес 5 жылда 2 803 гектар алқапқ 7 млн көшет егу жоспарға енгізілді. Соған сәйкес 2023 жылы 573,5 гектар жерге 1 439 мың көшетін егу жоспарланған еді. Қазір көшет егу жұмыстары жүргізіліп жатыр», -деді Нұрлан Жантоқов.
«Каспийдормостострой» ЖШС мемлекет-жекеменшік әріптестік жобасымен Атырау қаласында 5 жыл ішінде 25 мың көшет егуі қажет. Бұл серіктестік 2019 жылдан бері жыл сайын Атырау қаласының аумағында 5 мың көшет егіп жатыр. Бұл серіктестік талдарды суару, арам шөптен тазарту жұмыстарын жүргізеді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында биыл 1,4 млн көшет егілетінін хабарлаған едік.