Күн күрт құбылады: Синоптиктер қазақстандықтарға ескерту жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтарға найзағай, нөсер жаңбыр және өрт қаупі туралы ескерту жасалды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі мәлімдеді.
Синоптиктердің болжамынша, бірқатар облыста найзағай ойнап, нөсер жаңбыр жауады, бұршақ түсіп, екпінді жел соғады және шаңды дауыл көтеріледі. Ал оңтүстік және шығыс өңірлерде ауа температурасы кей жерлерде +38 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар бірнеше облыста жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Синоптиктердің мәліметінше, 3 маусымда елдің бірнеше өңірінде күрделі күн райы қалыптасады.
Түркістан облысында түнде, сондай-ақ таңертең және күндіз таулы және тау бөктеріндегі аудандарда қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы кей жерлерде секундына 15–20 метрге жетеді. Осындай ауа райы Шымкент қаласында да болжанып отыр.
Жетісу облысының таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр жауып, кей жерлерде найзағай болады. Күндіз облыстың шығысы мен батысында желдің күшеюі секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы +35...+38 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Облыстың басым бөлігінде жоғары, ал кей жерлерінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Атырау облысында түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың шығысында қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. Күндіз жауын-шашынды ауа райы облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде жалғасады.
Маңғыстау облысында жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Жел екпіні кей жерлерде секундына 23 метрге дейін жетеді. Өңірдің орталық бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысында да қолайсыз ауа райы күтіледі. Найзағай, қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болжанып отыр. Желдің жылдамдығы кей аудандарда секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін. Бірқатар ауданда төтенше өрт қаупі сақталады.
Шығыс Қазақстан облысында 6 маусымға дейін күндіз ауа температурасы +30...+35 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық болады. 3 маусымда өңірдің солтүстігі мен шығысында аздаған жаңбыр жауып, найзағай болуы мүмкін.
Алматы облысында түнде таулы және тау бөктеріндегі аудандарда, ал күндіз солтүстік, оңтүстік және таулы аймақтарда жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Кей жерлерде қатты жауын-шашын түсіп, желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін күшейеді. Облыстың солтүстігінде ауа температурасы +36 градусқа жетеді. Солтүстік бөлікте жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Алматы қаласында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел екпіні секундына 15–18 метрге жетеді. Іле Алатауының таулы аудандарында қатты жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Абай облысында да 6 маусымға дейін +35 градусқа дейінгі аптап ыстық сақталады. Бұдан бөлек, өңірде найзағай болып, желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін күшейеді. Кей аумақтарда төтенше өрт қаупі сақталады.
3 маусымда Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында да жаңбыр жауып, найзағай болады. Кей аудандарда бұршақ түсіп, дауыл соғып, желдің жылдамдығы секундына 23 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Қызылорда облысында синоптиктер найзағай, дауылды жел және шаңды дауыл туралы ескертті. Өңірдің басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Павлодар облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында жоғары өрт қаупі сақталып отыр.
Ақмола облысында желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Облыстың шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында және таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Жел екпіні кей жерлерде секундына 23 метрге жетеді. Өңірдің бірқатар ауданында жоғары өрт қаупі сақталады.
Синоптиктер тұрғындарға қатты жел, найзағай және аптап ыстық кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға, сондай-ақ табиғи өрт шығу қаупі жоғары аумақтарда от жақпауға кеңес береді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Алматы құтқарушылары ауа райына байланысты ескерту жасады.