05:00, 23 Қараша 2025 | GMT +5
Ауа райы: солтүстік өңірлерде бұрқасын соғып, көктайғақ болады
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК 23 қараша күнгі ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктердің болжауынша, күндіз солтүстікте және орталық аймақтарда атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуімен тұрақсыз ауа райы сақталады. Бұл аймақтарда жаңбыр мен қар жауады.
Елдің солтүстігінде бұрқасын соғып, солтүстік пен шығыста көктайғақ болады.
Қалған аймақтарда антициклон сілемінің әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы болжанған.
Республика бойынша тұман түсіп, солтүстікте, солтүстік-батыста, шығыста, оңтүстікте жел күшейеді.
Айта кетейік, бүгін үш қалада ауа сапасы нашарлайды.