Ауа райына байланысты Түркістан облысында жүк көліктерінің қозғалысы шектелді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Күн райының бұзылуына байланысты 2025 жылы 9 желтоқсан түнгі сағат 23:00–ден бастап Жамбыл облысымен шекаралас Түркістан облысы Машат ауылы (593-654 км) жол учаскесінде жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілді.
— Жамбыл облысының Күйік асуында қар жауып, жел тұрып, жолдың тайғақ болуына байланысты Түркістан-Шымкент бағытынан Тараз-Алматы бағытына қарай жүк көліктеріне шектеу қойылды, — деді облыстық Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Жәнібек Исаев.
Полиция өкілдері жүргізушілерді барынша мұқият болуға, өз көліктерін қысқы кезеңге және көлік құралдарының техникалық жағдайына алдын ала дайындауға шақырады.
Бұдан бұрын 10 желтоқсанда бірқатар өңірде тұман түсіп, көктайғақ болатынын хабарлаған едік.