12:29, 15 Мамыр 2009 | GMT +5
Ауа райы жылынысымен бірқатар аймақтарда орман алқаптары мен дала өртенді
АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биыл жаз мезгілі таянып, ауа райы жылына бастауына байланысты еліміздің бірқатар аймақтарында орманды алқаптар мен далалық аймақтарда өрт оқиғалары орын ала бастады. Бұл мәліметтермен бүгін журналистерді Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің аға инженері Любовь Шапошникова таныстырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, әдетте көктемнің соңы мен жаздың басы күн жылынып, өрт оқиғалары жиілей түсетін кез. Бұл жағдай биыл да қайталанып, еліміздің бірқатар аймақтарында кең көлемде өрт оқиғалары орын алған. Атап айтқанда, сәуірдің 20-сы күні Қостанай облысының Қарабалық ауданы орталығынан 90 шақырым жерде
өрт болып, ол 280 гектар аймақты шарпыған. Ал мамырдың 2-сі күні Ақмола облысындағы «Бурабай» Мемлекеттік ұлттық табиғат паркінде орман өртеніп, оның жалыны 50 гектар аймақты қамтыған. Сондай-ақ мамырдың 8-і күні Қарағанды облысының Нұра ауданында Киевка ауылынан 8 шақырым жерде 140 гектар дала өртенген. Аталмыш өрттің барлығы төтенше жағдайлар саласы қызметкерлерінің күшімен ауыздықталған. Өрттің алдын алу жұмыстарына тұрғындардың да тартылған кездері болған. Баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, әдетте орманды алқаптар мен далалы аймақтардағы өрттердің орын алуына көбіне тұрғындардың өздері кінәлі болып жатады. Табиғат аясында демалушылардың салақтығы, сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастауы, далада мал баққан шопандардың от жағып, оны қараусыз қалдыруы сияқты жағдайлардың соңы орны толмас өкінішке әкеліп соқтырады. Сондықтан да төтенше жағдайлар саласының өкілдері азаматтарды табиғат аясында жүргенде отқа аса абай болуға шақырды.