Ауа райына байланысты БҚО жолдарында күрделі жағдай қалыптасып отыр
ОРАЛ. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ауа райына байланысты БҚО жолдарында күрделі жағдай қалыптасып отыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, кеше өңірдің оңтүстік аудандары бағытындағы жолдарға шектеу қойылды. Сондай-ақ кеше Тасқала ауданы аумағында Орал-Саратов бағытында бара жатқан автобустың жолдан тайқып, түсіп кеткені жөнінде хабар түсті. Тасқала аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы жол пайдалану мекемелері қызметкерлерімен бірлесіп жедел көмек ұйымдастырып, автобусты тартып шығарды. Содан кейін 15 жолаушысы бар автобус аттанып кетті.
Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.