18:37, 26 Желтоқсан 2017 | GMT +5
Ауа райының қолайсыздығынан Павлодардың әуежайы жабылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ауа райының қолайсыздығы салдарынан Павлодардың әуежайы жабылып, жеті рейстегі 1400 жолаушы әуе сапарына шыға алмай қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Павлодардың әуежайы ауа райының қолайсыздығы салдарынан екінші күн жабылып тұр, - дейді «Павлодар әуежайы» АҚ басқармасының төрағасы Марат Шишов. - Ұшу-қону жолағына мұз қатып қалды. Қазіргі уақытта біз жолақты тазарту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жұмыс аяқталғаннан кейін біз әуе ұшақтарын қайтадан қабылдап, қайта ұшыра аламыз. Ал әзірге бүгін сағат 21:00-ге дейін әуежайды жабуды көздеудеміз».
Марат Шишовтың айтуына қарағанда, әуежай жабылып тұрған екі күннің ішінде жеті рейс кейін шегерілген. Олардың әрқайсысында шамамен 200 адам болған.
«Мұндай ахуал бүкіл Солтүстік Қазақстанда қалыптасып тұр. Қостанай, Қарағанды және Семейде осындай жағдай туындаған. Өзіңіз көріп тұрғандай, айналаның бәрі - қар мен жел», - дейді Марат Шишов.