Ауаны шектен тыс ластаған екібастұздық ЖЭО қомақты айыппұл арқалады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысы бойынша экология департаменті «Energy Solutions Center» ЖШС-не жоспарлы тексеру жүргізіп, бірқатар заң бұзушылықты анықтаған.
Тексеру барысында атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарындылары бойынша белгіленген нормативтердің асып кеткені белгілі болған. Сондай-ақ шығарындыларды бақылаудың автоматтандырылған мониторинг жүйесінің жұмыс істемейтіні және газтазарту жабдықтарына күрделі жөндеу жүргізілгенін растайтын құжаттардың жоқтығы анықталды.
— Тексеру нәтижелері бойынша кәсіпорынға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, орындалу мерзімі 2026 жылғы 1 сәуірге дейін белгіленді. «Energy Solutions Center» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, — деп хабарлады өңірлік экология департаментінен.
Бұған дейін экология департаменті Екібастұз кеніштеріне айыппұл салған еді.