Аудан әкімдерін сайлау уақытша тоқтатыла ма – ОСК жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Мәжіліс депутаттарының аудан әкімдерін сайлауды уақытша тоқтату туралы депутаттық сауалына жауап берді.

центральная избирательная комиссия, орталық сайлау комиссиясы
Фото: Kazinform

- «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзінөзі басқару туралы» Заңының 32-бабына сәйкес, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес лауазымға сайланады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 13-1-тарауымен әкімдерді сайлауға дайындық және оны өткiзу кезінде туындайтын қатынастар регламенттелген. 2023 жылы 5 қарашада пилоттық түрде сайланған 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қала әкімдерінің ішінен өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатқан 3 әкім бар, - деді ОСК төрағасы.

Оның дерегінше, олар мына аудан әкімдері:

- Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы (Үкімет Аппаратына ауысуына байланысты);

- Қызылорда облысының Шиелі ауданы (Қызылорда қаласының әкімі болып тағайындалуына байланысты);

- Жетісу облысы Кербұлақ ауданы (Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалуына байланысты).

- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 2025 жылдың басынан бастап 2 қала, 6 аудан әкімдерінің сайлауы өтті және 2 аудан әкімінің сайлауы тағайындалды. Өз кезегінде, сауалда көтеріліп отырған аудан әкімдерін сайлауды уақытша тоқтату және саяси мораторий енгізу мәселелері ОСК құзыретіне кірмейді. Себебі аталған мәселелерді іске асыру Конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға түзетулер енгізуді қажет етеді, - деді Нұрлан Әбдіров.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары аудан әкімдерін мәслихат арқылы сайлауды ұсынғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар