20:43, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Аудан мектептерінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуына 20 жыл толуына орай шаралар ұйымдастырылуда
АҚТАУ. Ақпанның 12-cі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Мұнайлы ауданы мектептерінде «Ешкім де, ешнәрсе де ешқашан ұмытылмайды» деген тақырыпта сынып сағаттары өткізілуде.

Соның аясында маңғыстаулық Ауған соғысы ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, ұстаздар бұл соғыстың тарихы мен мазмұнын балаларға түсіндіруде. Орта білім беретін мектептер бойынша бұл шараларға 6949 бала қамтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Мұнайлы аудандық білім бөліміне сілтеме жасап. Мұнайлы ауданына қарасты Қызылтөбе ауылының лицей мектебінде 10-11-ші сынып оқушылары арасында «Біз бейбітшілікті таңдаймыз» тақырыбында шығармалар байқауы өткізілді. Оған 17 оқушының жұмысы қабылданып, 1-ші орынды Д. Берекетова жеңіп алды. Сондай-ақ мектеп қабырғасында «Ұмытылмас жылдар» атты кеш аясында Ауған соғысының ардагерлері Құсайын Сүйіновпен және Боранбай Ізімовпен 9-10-шы сынып оқушыларының кездесуі өтті. Ал 8-10-шы сынып шәкірттерінің қатысуымен ардагерлер құрметіне волейболдан жарыс ұйымдастырылды. Мұндай шаралар №1 мектепте де жалғасын тапты. Мектепте «Біз бейбітшілікті таңдаймыз» шығармалар байқауы, «Қазақстан ? бейбітшілік мекені» концерттік бағдарламасы өткізіліп, оқушылар соғыс ардагерлері С. Құдарқұлов, Ы. Ғамышбаев және Ә. Көшеровтермен кездесті. Ал 5-7-шы сыныптарда оқитын балалар шахматтан жарысқа түсті. Жастардың бойында патриоттық сезімді оятып, ардагерлердің ерлік істеріне тағзым ету мақсатында өткен шаралар аясында өзге мектептерде «Ауғанның от жалыны» атты буклеттер дайындалып, қабырға газеттері шығарылды. Сондай-ақ «Ауғанның асуында от кешкендер» атты кездесу кеші, «Ту ұстап, тұлпар мінген», «Ауған соғысы туралы сен білесің бе?» деген тақырыптарда дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, «Ауған соғысының тарихи маңызы» тақырыбында баяндамалар, спорттық жарыстар өткізілді.