«Ауданда әлеуметтік нан бағасы - 40 теңге» - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, таяуда Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин өзінің Сандықтау ауданына барған жұмыс сапары барысында Балқашин ауылындағы наубайхананың жұмысымен танысты.
Аталмыш кәсіпорын басшысы Таита Докаеваның айтуынша, наубайханадағы әлеуметтік нан бағасы 40 теңгені, ал 620 грамдық бірінші сұрыпты бөлке нанның құны 52 теңгені құрайды.
Атап өту керек, 2015 жылы өндіріс ошағы жеке қаражатқа күрделі жөндеуден өткізіліп, 40,0 млн. теңгеге шетелдік нан пісіру қондырғысын сатып алған. Сөйтіп бүгінде жоба өзінің толық қуаттылығына еніп, тәулігіне 3500 дана нан және нан өнімдерін өндіреді. Бұл жерде нанның 20-ға жуық түрі мен тәтті торттар, бәліштер де пісіру қолға алынған. Өткен жылы серіктестік 30 млн. теңгенің 936 мың бөлке наны мен 340 мың кондитерлік өнім өндірген. Кәсіпорын басшысының айтуынша, бүгінде нанды қолмен пісіру тәжірибесі жоқтың қасы, барлығын техника жасайды, яғни нанды илейді, бөледі, нан пешіне салады. Дайын өнім Сандықтау және Зеренді аудандарында сатылады.
«Әлеуметтік нан бағасының құнын қымбаттату жоспарымызда жоқ. Сондықтан жыл аяғына дейін әлеуметтік нан құны 40 теңге болып қалады», деді облыс әкіміне наубайхана басшысы Таита Докаева. Бұл материал «Ауданда әлеуметтік нан бағасы - 40 теңге» деген тақырыппен берілген.
Бас басылымда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен болған сұхбат көпшілік назарына ұсынылып отыр.
«Сірә, әлемде қалыптасқан экономикалық жағдай, ең алдымен «экономикалық дипломатия» құралдарын кеңейтуді және амал-тәсілдерді жаңартуды талап етеді. Бүгінгі күні индустриялық-инновациялық жобалар, «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясы шеңберінде шетел инвестицияларын тарту және отандық экспортты шетел нарығына ілгерілету сыртқы саясат ведомствосы жұмысының негізгі бағыттары болып табылады.
Осыған орай, алқа мәжілісінің негізгі тақырыбы «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын экономикаландыру» болды. Ал «экономикалық дипломатияны» нығайту мен оны күшейту аясында Мемлекет басшысы жария еткен әлеуметтік-экономикалық даму және мемлекетті жаңғырту жөніндегі жобалар біз үшін басты міндеттер болып табылады. Бүгін шетелдердегі мекемелерімізге сол мемлекеттердің экономикалық, инвестициялық және технологиялық әлеуетіне сүйене отырып, Қазақстанға тиімділік әкелетін тұрғыда нақты тапсырмалар беріліп, қызметіне өзгерістер енгізілуде»,-дейді министр. Бұл сұхбат газеттің бүгінгі санында «Елбасы белгілеген жаңа талаптар» деген тақарыппен жарияланды.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, өткенде еліміздегі Ұлттық парктер мен қорықтар сатылады деген ақпарат таралды. Мемлекет сатуға қойған компаниялар қатарында туристік-табиғи нысандардың да бары айтылды.
Сол-ақ екен, қоғамда үлкен дүмпу туып, табиғат жанашырлары бұған наразылық білдірді. Ұзамай Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Ибрайымов ұлттық парктер мен қорықтардың саудаға салынбайтынын хабарлады.
- Мұндай ақпараттың қайдан шыққанын білмеймін. Бәріңізді де сабаларыңызға түсірейін. Ұлттық парктер мен қорықтар - әрдайым мемлекеттің меншігінде болатын нысандар. Мұндай нысандарды мемлекеттің мүлкі қатарынан айыруға болмайды және бұл Президенттің қаулысымен бекітілген. Сондықтан біздің ұлттық парктеріміз бен қорықтарымыз сатылмайды. Олар мемлекеттің меншігі болып қала береді. Себебі олар біздің мемлекеттік игілігіміз, - деді.
Шынында, қорықтар жекенің қолына сатылса, аң-құсы атылып, орманы оталып, бай табиғаты талан-таражға түспесіне кім кепіл? Алайда парктер мен қорықтар жалға берілетін болды. Мұны қалай түсінуге болады? Ғалымжан Ибрайымов бұған қатысты да түсініктеме берді.
- Ұлттық парктердің алып отырған аумағы үлкен. Сондықтан ұлттық парк аумағындағы белгілі бір инфрақұрылымды нысандар, жол, тұрғын үйлер, шипажайлар жалға берілетін болар. Ал ұлттық парктің өзі тұтасымен ешқашан жалға берілмейді, - деді.
Қазірге дейін жалға берілетін елу шақты табиғи нысанның тізімі шықты. Олардың қатарында тау, шатқал, орман, тіпті аңызақ дала мен өзен-көлдер де бар. Алматы облысындағы Көлсай көлдері, Шарын шатқалы, Түрген және Талғар шатқалдары, тіпті Медеу кешені де жалға берілмек. Сондай-ақ жалға берілетін тендер тізімінде шығыстағы Қатон-Қарағай ұлттық паркі, оңтүстіктегі Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи саябағы, солтүстіктегі Бурабай ұлттық паркі де бар. Бұл нысандарды осы ақпан айынан бастап 49 жылға дейін жалға алуға рұқсат берілген.
Бұларды жалға алған адамдарға да тиісті талап қойылды. Инвестор ұлттық парктер аумағында барлық қажетті инфрақұрылымдарды тұрғызып, туристік бизнесті дамыту қажет. Сондай-ақ таза ауада тыныстағысы келетін жандардың демалуына қажетті барлық жағдайды жасауға міндетті. Осы бағытта Ауылшаруашылық министрлігі мамандары ұлттық парк басшылығына парктерді жалға алғысы келетін инвесторлармен тиімді жұмыс жүргізуді ұсынды.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Өстеміров ұлттық парктерге инвесторларды тарту жұмысы басталғанын хабарлады. Бұл туралы «Жалға берсе жағдай жақсара ма?» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Таразда жастар театры ашылды» атты мақала жарияланды. Оның актерлері - осы оқу орнының студенттері. Театр өнерпаздары Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын сахналады. Бұл - театр репертуарындағы алғашқы классикалық шығарма.
Әйгілі Шәмшінің жүрек шымырлатар, сезім серпілтер құдіретті әндері әрбір қазақтың аузында. Сол сұлу әндер өмірге қалай келді? Жалпы, Шәмшінің өз тағдыры, өз махаббаты туралы не білесіз? Еріксіз биге жетелеп махаббатпен тебірентер «Сыған серенадасы». Осы бір әнді оятқан сыған қызы Изольда жайлы естігеніңіз бар ма? Ән махаббаты Шәмші тағдырын тоқайластырған Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» атты поэтикалық драмасы сахнада осы тұрғыда сыр шертіседі. Әуенге толы драма әсерге де толы. «Сыған серенадасы» - театр сахнасындағы шоқтығы биік туындылардың бірі. Оның өресі кең, құпиясы ашылмаған. Вальс королі әйгілі Шәмші рухына бағышталған бұл туынды сазгердің тағдырын бейнелейді.
Театр режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Майра Әлімбетованың айтуынша, болашақта махаббат пен достықтың қаншалықты құдіретті күш, ұлы сезім екенін ұғындыратын һәм жұртшылықтың көңіл төрінен орын алған классикалық қойылымдар сахналанбақ.
***
«Казахстанская правда» газетінде «Бельгию ждут на ЭКСПО-2017» атты мақала берілген. ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Р.Жошыбаев басқарған қазақстандық делегация Бельгия Корольдігінде жұмыс сапарымен болды. Р.Жошыбаев ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жайлы айтып, бельгиялық бизнесмендерді халықаралық көрмеге қатысуға шақырды.
ЭКСПО-2017 комиссарының сөзіне қарағанда, елдің ірі «CMI Group» компаниясы көрмеге қатысуға қызығушылық танытты.
Сапар барысында Р.Жошыбаев «Green win» ұйымында да болды.
ЭКСПО-2017 комиссары Қазақстанда бизнесті дамыту үшін жасалған жағдайды және ҚР-дағы инвестициялық климаттың қолайлылығын айтты. Келіссөздер соңында бельгиялық компания басшысы көрмеге қатысуға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар осы басылымда «Свежие овощи круглый год» деген материал берілген. «Мадмар» жылыжай кешені Алматы маңындағы азық-түлік белдеуінің дамуына елеулі үлес қосуда. Қарасай ауданындағы Исаев ауылында орналасқан «Мадмар» жылыжай кешенінің жұмысшылары түрлі сұрыптағы қызанақтың 200 тоннасын жинаған көрінеді. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында бір жыл бұрын іске қосылған бұл кешеннің алғашқы өнімі. Тиімді жұмыс істеп жатқан осы жылыжай туралы білгіңіз келсе, материалды қарап шығыңыз.