08:02, 05 Қаңтар 2010 | GMT +5
Аудандық соттарда ақпараттық-анықтамалық дүңгіршектер ашылды
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 5-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысы аумағындағы аудандық және оған теңестірілген соттарда «Бір терезе» жүйесі бойынша ақпараттық-анықтамалық дүңгіршектер ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа жылдан бастап Ақкөл, Атбасар, Бұланды, Есіл, Зеренді, Целиноград, Бурабай аудандары мен Көкшетау және Степногор қалаларының заңды және жеке тұлғалары сот жүйелерімен интернет арқылы байланыс жасау мүмкіндігіне ие болды. Әркім қалауынша дүңгіршекке ғаламтормен хабарласып, сот құрылымдары, азаматтарды қабылдау кестесі, тыңдауға белгіленген істер, сот мәжілістерінің мерзімі, екі жақтың құқықтары, мемлекеттік төлемдер мөлшері, оларды төлеу рәсімдері жайында мағлұмат алады. Сонымен бірге өтініштер үлгілерін, сот бұйрықтарын, сот актілері көшірмелерін алуға толық жағдай жасалған.