Әуе компанияларының транзиттік жолаушылар ағыны не себепті өсті
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазМұнайГазАэро» авиаотын бағасын бәсекеге қабілетті деңгейде сақтап отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті.
— Саланы авиаотынмен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар іске асырылып келеді. Бұл авиаотын жеткізуді арттыруға және транзиттік әлеуетті күшейтуге бағытталған. Импорттық отын бағасының өсуіне қарамастан, «ҚазМұнайГазАэро» бағасы бәсекеге қабілетті деңгейде сақталып отыр — тоннасына 1200 АҚШ доллары. Компанияның нарықтағы үлесі 33%-ға дейін өсті. Әуе компанияларына мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей отын алуға мүмкіндік берілді. Импортқа салынатын төлемдерден босатылды, — деді Нұрлан Сауранбаев.
Осы орайда министр бұл іс-қимылдардың нәтижесінде транзиттік рейстер саны 16,3%-ға өскенін айтты. Сонымен қатар, Air Astana әуе компаниясының транзиттік жолаушылар ағынының өсуі байқалып отыр.
Бұған дейін қазақстандық әуе компанияларына Таяу Шығыстағы жағдай қалай әсер етіп жатқанын жазған едік.
2025 жылы қазақстандық әуе компаниялар 15 млн жолаушы тасымалдады. Биылғы алғашқы 4 айда жолаушылар саны 4 млн-нан асты.