Әуе рейстерінің кешігуі қалыпты әдетке айналып барады – Үкімет басшысы

Әлихан Смайылов
Фото: Үкімет

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов авиация саласындағы шұғыл шешімді қажет ететін мәселелерді атады, деп хабарлайды Kazinform. 

«Бүгінде авиация саласының даму көрсеткіштері жаман емес. Бір жыл ішінде рейстердің саны 2 есеге жуық, яғни 410 мыңға дейін ұлғайды. Жолаушылар ағыны 22%-ке өсіп, шамамен 13 млн адамға жетеді деп күтілуде. Ел ішіндегі әуе тасымалы да едәуір өсті. 51 маршрут бойынша аптасына 644 рейс жасалады. Биыл 16 халықаралық маршрут ашылды және қайта жанданды. Келесі жылы Куала-Лумпур, Сингапур, Токио және басқа қалаларға жаңа рейстер ашу жоспарланып отыр. Әуежайлардың инфрақұрылымы да дамуда», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, осы салаға келген жеке инвесторлар қазірдің өзінде әуежайларды дамытуға 2,1 млрд. долларға жуық қаражат салды.

«Атап айтқанда, Алматыда перронды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жүктерді өңдеу рәсімдерін жетілдіру шаралары қолға алынды. Шымкентте жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталуға жақын. Астанада Біріккен Араб Әмірліктерінен келген компания ұшу-қону жолағын реконструкциялауды, карго-терминалын кеңейтуді жоспарлап отыр», - деді ол.

Дегенмен, Премьер-Министр бұл салада шұғыл шешімдерді қажет ететін өзекті мәселелер бар екендігіне тоқталды.

«Айталық, негізгі мәселенің бірі – авиаотын тапшылығы. Ол жылына шамамен 300 мың тоннаны құрайды. Бұл тапшылық импорт есебінен жабылып келеді. Мәселені шешу үшін отын жеткізу каналдарын әртараптандырып, оны сақтауға арналған тиісті инфрақұрылымды дамыту қажет. Сондай-ақ, әуежайларды дамыту да қосымша шараларды талап етеді. Ол үшін әуежай инфрақұрылымын дамытып, жүктер мен жолаушыларды рәсімдеу процесстерін толық автоматтандыру қажет. Бұл 2030-шы жылға қарай өңделетін жүк көлемін жылына 130 мың тоннадан 1 млн тоннаға дейін, ал жолаушылар ағынын 25 млн адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы саланы кадрлармен қамтамасыз етуде де проблема бар екендігін ашық айтты.
«Бүгінде ұшқыштар, инженерлер мен техникалық персоналдар жетіспейді. Рейстердің кешігуі де қалыпты әдетке айналып барады. Оған қолайсыз ауа-райы ғана себепші емес. Сондықтан, авиакомпаниялар жолаушылар мен ұшақтарға қызмет көрсету сапасын жақсартып, әуе паркін кеңейтуі қажет», - деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар
telegram