Әуе толқынындағы 100 жыл - Қазақ радиосы ғасыр тойын тойлап жатыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл қазақ даласында қазақ радиосының үні тарай бастағанына 100 жыл болады. Осы уақыт ішінде радио тыңдаушылардың жүрегінен ерекше орын алып, ұлттың сүйіп тыдайтын арнасына айналды.
Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі отандық радиохабардың даму тарихына ойша саяхат жасап көрді.
Қазақ және Шалқар радиоларының Алматыдағы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлының айтуынша, қазақ радиосының тыңдарман көңіліндегі орны ерекше.
«Қазақ Радиолары» ЖШС 2017 жылы серіктестік ретінде құрылды. Серіктестіктің бас директоры – Ернұр Бурахан. Оның құрамына «Қазақ радиосы», «Шалқар», «Астана» және құрылғанына 10 жыл болған «Классика» радиолары кіреді. Қазақ радиосынан кейінгі екінші мерейтой иесі бізде тәулігіне 18 сағат хабар тарататын «Шалқар» радиосы. Ол 55 жылдығын тойлап отыр», - деді ол.
Қазақ радиосы – бүкіл ұлттың қайталанбас мәдени болмысын бейнелейтін ақпарат құралы.
«Қазақ радиосының аға қызметкері, профессор, журналистика саласындағы оқытушымыз Намазалы Омашұлы 2001 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақ радиосына қанша жыл» атты зерттеу мақаласын жариялады. Яғни, ол Мәскеудің бес мұрағатынан табылған деректерге сүйене отырып, Қазақ радиосы 1921 жылы хабар тарата бастағанын дәлелдеді. Кейбір ғалымдар Қазақ радиосының тарихын 1931 жылдан бастайды, бұл да негізсіз емес. Өйткені сол жылы Алматыда мамыр айының басында үлкен бірінші радиостанция салынды. Яғни, 1930-40 жылдар кезеңі - Қазақ радиосының қалыптасуы мен даму кезеңі деп айтуға толық негіз бар», - дейді маман.
Оның айтуынша, соғыс жылдары Қазақ радиосының жұмысына мектеп оқушылары тартылған.
«1931 жылы Қазақ радиосының алғашқы ресми басшысы болып Айтпай Хангелдин тағайындалды. Содан кейін соғыс жылдарында Ғазиз Оспанов басшылық қызметке тағайындалды. Бұл адамдардың пікірлері, сұхбаттары радионың алтын қорында сақтаулы. Ғазиз (Омарғазы) Оспанов соғыс жылдарында радиоға мектеп жасындағы жасөспірімдер тартылғанын айтқан. 1947 жылы техникумды бітірген Зәмзәгүл Шәріпова жұмыс істеді. Ол кезде бұл кісі небәрі 15-16 жаста болған екен. Сондай-ақ, бірқатар өнер адамдары радионың дамуына баға жетпес үлес қосты. Олардың қатарында Шәкен Айманов, Қазақ радиосының дикторы Мина Сейітова бар. Ол 15 жасынан бастап диктор болып жұмыс істеген оның дауысы жазылған жазба бізде әлі де сақтаулы тұр», - дейді Бақыт Жағыпарұлы.
Қазақ радиосының мақтанышы – қазақтың «Левитанына» айналған Қазақстанның Халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев. Ол 1943 жылы майданда жараланып, отанға аман оралды. Сол жылы ол радиоға диктор ретінде шақыру алып, өмірінің соңына дейін, 50 жылға жуық радиода жұмыс істеді. Бүгінгі таңда Қазақ радиосының Алтын қорында 400-ден астам жазба, белгілі диктор жүргізген он мыңға жуық әдеби және музыкалық хабар сақтаулы.
Қазақ радиосы бүгінде жаңа маусымға дайындалып жатыр.
«Қыркүйекте жаңа маусым басталады. Осы кезеңде біз жаңа бағдарламалар әзірлейміз. Журналистік зерттеулер жүргізіліп жатыр. Сол зерттеу арқылы тыңдаушылар арасында қандай бағдарламалар сұранысқа ие екенін зерттейміз және қоғамда бар қазіргі проблемаларды талдаймыз. «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры Ернұр Бураханның басшылығымен көптеген игі өзгерістер өмірге келді», - дейді Бақыт Жағыпарұлы.
Оның айтуынша, радио деген – өз ерекшеліктері бар үлкен ақпараттық сала.
«Радио – бұл ақпараттың сенімділігі және жылдамдығы. Бізде әр сағат сайын жаңалықтар шығады. Ал егер шұғыл материал пайда болса, біз ақпаратты тез арада жариялаймыз. Қазір интернеттің уақыты, жаңа технологияның даму ғасыры. Жүргізушіден немесе науқас қабылдайтын кабинеттегі дәрігерден бастап, радио арқылы барлығы соңғы жаңалықтардан хабардар бола алады. Олардың әлеуметтік желіні ашуға әрдайым уақыты болмауы мүмкін. Ал, радио – осындай кезде таптырмайтын ақпарат жеткізуші. Бұл – біздің саланың ерекшелігі.
Екіншіден, радионың талабы – дыбыс, сөйлеу тазалығы. Әр әріп өз орнында болуы керек. Үшіншіден, сценарий. Бұл радио жүргізушісін даярлау», - дейді маман.
Ол сондай-ақ Алматыдағы радионың техникалық базасына тоқталды.
«Біздің техникалық базамыз жаңартылды. Қазір алты студия бар. Олардың үшеуінде алдын-ала таспа жазылады, қалған үшеуінде тікелей эфир өтеді. Біз ғы лыми-техникалық прогрестің, заманауи технологиялардың қарқынды дамуымен радио да уақыт талабына сай икемделіп келеді. Қазақ радиосын бүгін ғаламтор кеңістігінде де тыңдауға болады. Бірақ, соған қарамастан, оң шешімін күтіп жүрген мәселелері де бар екен.
«Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Қазақ және «Шалқар» радиоларының бағдарламалары Алматы қаласының маңында орналасқан елді мекендерге дейін жеткен жоқ. Бұл мәселе әлі де бар. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің шекара маңындағы аудандарда Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін радиостансалар желісін кеңейту туралы шешімі негізінде мемлекеттік радиохабар тарату желісін дамыту жөніндегі жол картасы әзірленді. Қазір Қазақ радиосы республика аумағының 89%-ын қамтиды және алдағы уақытта еліміздің барлық шекаралас аудандарын қамтуды жоспарлап отыр», - деді ол.
Сөз соңында спикер барлық әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Жыл сайын 28 маусымда Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы журналистер қауымы халық үшін жұмыс істейді. Бұл пандемия кезінде журналистер дәрігерлермен бірге індетке қарсы майданда тынымсыз еңбек еткен кезде дәлелденді. Аты жаман індетпен әріптестеріміз де ауырды. Сондықтан барлық әріптестеріме, біріншіден, зор денсаулық, амандық және шығармашылық шабыт тілеймін. Бірлігіміз бекем болса, кез-келген кедергіні жеңуге болады. Мереке құтты болсын!», - деп қорытындылады Бақыт Жағыпарұлы.