Әуесқой астроном ғарышта жұмыс істейтін астронавтарды суретке түсіріп алды
АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат - Голландиялық әуесқой астроном Ральф Вандеберг (Ralf Vandebergh) астронавтарды ашық ғарышқа шыққан кездерінде суретке түсіріп алды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Лента.ру сайтына сілтеме жасап.
Вандеберг жұмыс істеу үшін өзінің ішкі ауласында орнатылған 10-дюймдік телескопты пайдаланған. Сурет 2009 жылғы наурыздың 21-інде түсірілген, алайда бастапқыда онда астронавты көрудің сәті түсе қоймаған. Тек жақында ғана, бейнені күрделі цифрлі өңдеуден өткізгеннен кейін ғана Вандеберг ғажайып нәтижеге қол жеткізді.
Мәліметтерге қарағанда, суретке астронавт Джозеф Акабаның Стивен Свонсонмен ашық ғарыш кеңістігіне шыққан кезі түсірілген. Іс-шара «Дискавери» зымыранының Халықаралық ғарыш стансысына ұшуы аясында жүргізілген.