Ауған соғысына жиырма бір жыл өткеннен кейін марапатталғандар арасында батысқазақстандық ардагер де бар
ОРАЛ. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ақпанның 15-інде «Марапат өз иесін тапты» атты республикалық іс-шара барысында Астанадағы «Нұр Отан» ХДП орталық аппараты мекенжайында бір топ ауғандық ардагерлерге марапаттар тапсырылғаны мәлім. Олардың арасында батысқазақстандық Амангелді Лекеров те бар,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Лекеров «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін өңіріне тақты. Осыншама уақыттан кейін марапат қолына тиген ол ерекше қуаныш құшағында.
Ауған соғысына Батыс Қазақстаннан 1021 сарбаз қатысып, 27 боздақ туған жеріне темір табытпен оралған болатын. Ал әскер қатарына Орал қаласынан шақырылған, қатардағы жауынгер, 1958 жылы дүниеге келген татар жігіті Хамбал Гамбаровтың бір дерегі әлі іздестірілуде.
Қазіргі кезде облыста ауған соғысының 850 ардагері тұрса, соның 480-і Орал қаласын мекендейді. Өткен жылы жеті ардагерге пәтер берілсе, мұндай іс биыл да жалғасады. Сонымен қатар ауған соғысы мүгедек-ардагерлері қоғамына Орал қаласы маңынан тұрғын үй құрылысы үшін төрт гектар жер берілсе, арнайы саябақ салу үшін 15,3 млн. теңге бөлінді.