Ауғанстан мен Пәкістан атысты тез арада тоқтату туралы келісімге келді

АСТАНА. KAZINFORM – Тараптар Кабул мен Исламабад арасында бейбітшілік орнатып, тұрақтылықты нығайту мақсатында арнайы механизмдер құру жөнінде де келісімге келе алды, деп жазды ТАСС.

Пәкістан Дохада Ауғанстанмен келіссөз жүргізуге ниетті екенін мәлімдеді
Фото: Shutterstock/FOTODOM/ Esfera

Ауғанстан мен Пәкістан өкілдері 18 қазанда Дохада Катар мен Түркияның арағайындығымен өткен келіссөздер аясында шекарадағы атысты дереу тоқтату туралы уағдаласты.

— Келіссөз раунды барысында тараптар атысты дереу тоқтату және екі ел арасында бейбітшілік орнату мен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған механизмдер құру жөнінде келісімге келді, — делінген Катар СІМ-нің X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған мәлімдемеде.

Еске сала кетсек, бұған дейін Пәкістан Дохада Ауғанстанмен келіссөз жүргізуге ниетті екенін мәлімдеген.

Ал оған дейін екі тарап атысты 48 сағатқа тоқтатуға келіскен.