Ауғанстан мен Пәкістан Рамазан айының аяқталуына байланысты уақытша бітім жариялады
АСТАНА. KAZINFORM - Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы әскери қақтығыс бірнеше күнге тоқтатылады. Бұл туралы екі тараптың өкілдері мәлімдеді, деп жазады BBC.
Алғаш болып әскери операцияны тоқтату туралы Пәкістан билігі хабарлады. Кейін осыған ұқсас мәлімдемені Ауғанстандағы тәліптер де жасады.
Бұл туралы Reuters агенттігі тараптардың әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына сілтеме жасап жазды.
Бірнеше күнге созылатын бітім мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айының аяқталуына және Ораза айт мерекесіне орай жарияланып отыр.
Пәкістан билігінің өкілі нақтылағандай, уақытша бітім жариялау туралы талапты соғысушы елдерге Түркия, Сауд Арабиясы және Катар билігі қойған.
Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс ақпан айының соңында ушығып, Пәкістан «ашық соғыс» жариялаған еді.