Ауғанстан Өзбекстанмен Хайратон-Мазари Шариф темір жолы бойынша келісім-шартты ұзартты
АСТАНА. KAZINFORM - Ауғанстанның қоғамдық жұмыстар министрлігі «Хайратон-Мазари Шариф» темір жол желісін пайдалану және күтіп ұстау бойынша Өзбекстанның «Sogdiana Trans» компаниясымен келісімшартты екі жылға ұзартты. Бұл туралы Pajhwok хабарлады.

Құжатқа сәйкес, «Өзбекстан темір жолдары» («Ўзбекистон темир йўллари» ) АҚ еншілес кәсіпорны «Sogdiana Trans» 2025-2026 жылдар бойы темір жол желісінің жағдайын бақылайды.
«Өзбекстан темір жолдары» компаниясы Ауғанстанмен Хайратон учаскесіндегі жөндеу жұмыстарын ұзарту туралы келісімге де қол қойды.
Сонымен қатар тараптар Орталық Азия елдерін Пәкістан теңіз порттарымен байланыстыруы тиіс Трансауған темір жолы жобасын талқылады. Өзбекстан жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді, соның ішінде тиісті шараларды қаржыландыруды өз мойнына алғаны атап өтілді.
«Хайратон – Мазари Шариф» темір жолының жалпы ұзындығы 75 шақырымды құрайды. Оны 2010 жылы Өзбекстан мамандары салған. Құрылысқа Азия даму банкі бөлген 129 миллион доллар жұмсалған. Бұл желі Өзбекстанда қолданылатын техникалық стандарттар мен талаптарға сәйкес сигнализация, телекоммуникация және электр құрылғыларымен жабдықталған.
Бұл желі Ауғанстанның солтүстік провинцияларының неғұрлым дамыған және халық тығыз орналасқан аудандарында темір жол көлігін ұйымдастыруға, сондай-ақ Ауғанстан мен аймақтың басқа елдері арасындағы тасымалдау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, Өзбекстан Ауғанстанға 200 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жібергені жайлы жазған едік.