Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ауғанстан тарапынан атылған оқтан Тәжікстан азаматшасы қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Жергілікті БАҚ хабарлауынша, Тәжікстан Ауғанстан билігіне республиканың әуе кеңістігінің бұзылуына, жергілікті тұрғын үйлерге зақым келтірілуіне және Дарваз ауданында бір бейбіт тұрғынның қаза табуына байланысты наразылық нотасын жолдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі. 

Ауғанстан тарапынан атылған оқтан Тәжікстан азаматшасы қаза тапты
Фото: fergana.news

Оқиға 13 тамызда шамамен сағат 18:40–та болды. Жасмина Ятимзода сол кезде үйінде шаруасымен айналысып жатқан. Терезеден кірген оқ оның бауыр тұсына тиген.

Тәжікстан президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың 14 тамызында таңертең Эмомали Рахмон Дарвоз ауданының төрағасымен телефон арқылы сөйлесті. Президент әйелдің отбасына көңіл айтты.

Президент оның отбасына материалдық және моральдық қолдау көрсетуді, сондай-ақ жас баласын тәрбиелеу процесін бақылауды тапсырды. Тиісті органдар оқиғаға қатысты тергеу амалдарын бастады.

Ауғанстанның Бадахшан провинциясының шекаралас аймақтарында, әсіресе Тәжікстанның Дарваз облысымен шекаралас аудандарда соңғы күндері болған қарулы қақтығыстар республиканың шекаралас аумақтарының қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, халықаралық құқық нормаларының бұзылуына әкелді.

Еске салсақ, 29 қаңтарда бес ауған контрабандашысы Тәжікстан шекарасынан заңсыз өтті, оның үшеуінің көзі жойылды