Ауғанстанда қалың қар мен нөсер салдарынан 61 адам көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM — Ауғанстан аумағында сәрсенбі мен бейсенбі күндері болған қалың қар мен нөсер жаңбыр салдарынан кемінде 61 адам қаза тауып, тағы 110 адам түрлі жарақат алды, деп хабарлайды Синьхуа.
Бұл туралы сенбі күні елдің Табиғи апаттардың салдарымен күрес жөніндегі ұлттық басқармасы мәлімдеді.
Ведомство дерегінше, қолайсыз ауа райы 458 тұрғын үйдің толық немесе ішінара қирауына әкеп соққан.
Басқарма өкілдері келтірілген деректердің алдын ала екенін, кейбір өңірлерде жағдайды бағалау жұмыстары әлі жалғасып жатқанын, сондықтан көрсеткіштердің өзгеруі мүмкін екенін атап өтті.
Соңғы үш күнде Ауғанстанның көптеген аймағында аяз күшейіп, қалың қар жауған. Соның салдарынан бірнеше маңызды автожол, соның ішінде Кабулды бірқатар провинциялармен байланыстыратын жолдар жабылды.
Бұдан бұрын былтыр қараша айында жойқын жер сілкінісінен кейін Қазақстан Ауған халқына гуманитарлық миссия жіберген еді. Миссия құрамында 13 дәрігер барды (хирургтер, нейрохирургтер, травматологтар және т. б.). Сонымен қатар 18 тонна дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар, шатырлар және алғашқы қажеттіліктегі өзге де заттар түрінде гуманитарлық көмек көрсетілді.