02:58, 02 Тамыз 2017 | GMT +5
Ауғанстанда мешіттегі жарылыстан құрбан болғандар саны 29 адамға жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстанның солтүстік батысында Герат қаласындағы мешітте болған жарылыстан құрбан болғандар саны 29-ға жетті. Тағы 60-тан астам адам зардап шеккен. Бұл туралы билік өкілдеріне сілтеме жасап жергілікті Tolo News телеарнасы жариялады.

Осыған дейін 15 адамның құрбан болғаны туралы хабарланған.
Оқиғаға байланысты таратылған мәліметтерде жанкешті террористің мешітке кіріп келіп, онда келушілерге оқ жаудырғаны айтылады. Бұдан сол террорист жарылғыш затты іске қосқан.
6 маусым күні Гератта мешіт жанында болған жарылыстан 7 адам мерт болып, 15-і жарақат алды. Бомба XII ғасырға жататын Джама Масджид мешітінің жанындағы тұраққа қойылған мотоциклге жасырылған болып шықты. Жарылғыш зат діндарлар тұрақ жанынан өтіп бара жатқанда іске қосылған.
24 шілде күні Ауғанстан астанасы Кабулде негізінен шейіттер тұратын ауданда жарылыс болған еді. Ол кезде 24 адам мерт болып, 42-сі жарақат алды.