Ауғанстанда табиғи апат: жойқын жер сілкінісі 800-ден аса адамның өмірін қиды
АСТАНА. KAZINFORM — Ауғанстанның шығысында болған алты балдық жер сілкінісінен 800-ден астам адам қаза тауып, шамамен 2800 адам түрлі жарақат алған, деп жазады ВВС.
Бұл туралы «Талибан» қозғалысы бақылайтын Ауғанстан үкіметінің өкілі хабарлады.
Бұған дейін 600-ден астам адам қаза тауып, 1500-ден астамы зардап шеккені хабарланған еді. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі сол кезде-ақ құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін екенін ескерткен болатын.
Министрліктің мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі болған Кунар провинциясы қатты зардап шеккен. Алайда байланыс жүйесінің бұзылуы мен жолдардың жабық болуына байланысты нақты деректер әлі анық емес.
Құтқарушылар табиғи апаттан қатты зардап шеккен шалғай ауылдарға жетуге тырысып жатыр. Бұл өңірде бұған дейін де бірнеше рет жер сілкіністері мен су тасқындары болған. Reuters агенттігі билік өкілдеріне сілтеме жасай отырып, кейбір ауылдарда қаза тапқандардың саны ондаған адамға жетуі мүмкін екенін жазды.
Мәселен, BBC-дің хабарлауынша, Кунар провинциясының бір ауылында кемінде 20 адам қаза тапқан. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Шарафат Заманның айтуынша, тағы бір ауылда алдын ала мәлімет бойынша 30 адам қаза болған. Үш ауыл мүлде жермен-жексен болған.
Ауыр жараланғандар Нангархар әуежайынан тікұшақпен аймақтық ауруханаларға жеткізіліп жатыр.
Ресми мәлімет бойынша, құтқару жұмыстарына әскерилер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылған.
Жер сілкінісі дүйсенбіге қараған түні Ауғанстанның шығысындағы Кунар провинциясында тіркелді. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметі бойынша, эпицентр Джелалабад қаласынан 27 шақырым солтүстік-шығысқа қарай, 8 шақырым тереңдікте орналасқан. Жер сілкінісінің қуаты 6 балл болған.
Жерасты дүмпулері Кабулда және Пәкістан астанасы Исламабадта да сезілген.
Ауғанстан билігі халықаралық гуманитарлық ұйымдарды шалғай таулы өңірлердегі құтқару жұмыстарына көмектесуге шақырды. Бұл аудандарға көшкін мен бұған дейінгі су тасқындарының салдарынан тек әуе арқылы жетуге болады.
— Әзірге бірде-бір шет мемлекеттен құтқару немесе қалпына келтіру жұмыстарына көмек көрсету туралы ұсыныс түспеген, — деді Ауғанстан Сыртқы істер министрлігінің өкілі.
Айта кетейік, өткен жылы елдің батысында болған бірқатар жер сілкінісі салдарынан 1000-нан астам адам қаза тапқан болатын.