Ауғанстанмен арада тауар айналымы 3 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін – Серік Жұманғарин

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 3 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Қазақстан мен Ауғанстан бизнес-форумында Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауғанстанмен арада тауар айналымы 3 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін – Серік Жұманғарин
«Осы күндері болған келіссөздерді ескере отырып, бүгін форум алаңында 106 млн АҚШ доллары сомасына коммерциялық құжаттарға қол қою жоспарланған. Диалог алаңы жаңа жобаларға, одан әрі сауда-экономикалық ынтымақтастық бағыттарына негіз болды. Жақын арада елдеріміз арасындағы өзара тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді», - деді С. Жұманғарин.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы іс жүзінде 1 млрд АҚШ доллары (987,9 млн. АҚШ долл.) белгісіне жетіп, 2021 жылғы көрсеткіштерден екі есе артты. Тауар айналымының 90% қазақстандық экспортқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі. Елдер арасындағы сауда биылғы 6 айда 343,6 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан экспорты 334,5 млн долларға жетті.