Ауғанстанның Әмударияны бөгейтін жобасы Қазақстанға қалай әсер етеді – Су министрінің жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригациялар министрі Нұржан Нұржігітов: Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Ауғанстанның Әмудария өзенінің бойында салып жатқан Кош-Тепа су арнасы Қазақстанның ирригациялық ахуалына қалай әсер ететіні туралы пайымын айтты.

Нұржан Нұржігітов
Фото: Әділет Бірімқұлов/Kazinform

— Кош-Тепа бойынша рас көп әңгіме жүріп жатыр. Біздің мақсатымыз — Арал теңізін халықаралық құтқару қоры кезінде осы мемлекетпен (Ауғанстан) байланысты орнату жоспарымыз бар. Кеше ғана Өзбекстанның тиісті министрліктерінің өкілдерімен Ташкентте өкілдері кездесіп, арнайы конференцияға қатысқан. Сол жердегі мәлімет бойынша Өзбекстан мамандарының Ауғанстандағы суға байланысты істеліп жатқан жұмыстарға консультациялық жәрдемдесу мәселесі шешілді. Ол деген — өзіміздің арнайы үйлестіру комиссиясы соған міндетті түрде қатысады. Комиссия отырысында біз де бұл жұмыстарды талқылаймыз, — деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, ол Сырдария бойындағы елдердің биыл жазда суды қалай бөлісетінін айтты.

— Әмудариядан Қазақстан су алмайды. Біз тек Сырдариядан су аламыз. Ол Қырғызстаннан басталып, Тәжікстан, Өзбекстан арқылы өтеді де бізге келеді. Сырдария өзені бойынша осы суды реттеу үшін бізде арнайы мемлекетаралық үйлестіру комиссиясы бар. Оның мүшесі — бес мемлекеттегі менің әріптестерім. Жылына біз төрт рет кездесеміз. Жақында Самарқанда 6 сәуірде кездесу өтті. Біз вегетация кезінде әр мемлекетке өзінің тапсырысына байланысты су көлемі берілетінін бекіттік. Біздің Қазақстанға Достық каналы бойынша 909 млн текше метр керек. Тапсырысымыз бойынша 100 пайыз қамтамасыз етілді. Одан бөлек Солтүстік Арал теңізіне біз 1 млрд текше метр көлемінде тапсырыс бердік. Ол да 100 пайыз нақтыланды. Вегтеация кезінде Шардара су қоймасына 700 млрд текше метр суды алу мәселесі көтерілді. Ол да 100 пайыз бекітілді. Сондықтан, Сырдария өзені бойынша биылғы вегетация кезінде су қоймаларында жинақталған су мөлшері 100 пайыз көлемінде жетеді деп отырмыз, — деді министр.

Еске салсақ, Kazinform оқырман назарына аталған жобаның Орталық Азиядағы су тапшылығына қалай әсер ететіні туралы сараптама ұсынған еді

Соңғы жаңалықтар