Ауыл-аудандардағы музейлердің жаңа экспонаттар алуға мүмкіндігі жоқ
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Jibek Joly телеарнасына берген сұқбатында Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы айтты.

Ұлттық музей басшысының айтуынша, ауыл-аудандардағы музейлердің күйі әлі күнге дейін кеңес заманындағыдай. Ғимараттардың тозғаны соншалық, тіпті кейбірінің шатырынан су ағып жатады. Жаңа экспонаттармен де толықтырылмайды.

- Біріншіден, бұл қаражаттың жоқтығынан, екіншіден мамандар жетіспейді. Ауыл-аудандағы музейлерге барсаңыз, әлі күнге дейін сол күйінде, тек суреттерін ауыстыра салған. Еш өзгеріс жоқ. Экспонат сатып алуға да мүмкіндік жоқ. Қаражат жетіспейді. Қаражат бөлінгеннің өзінде реэкспозиция жасайтын маман жоқ, - деді Берік Әбдіғали.
Қазір бұл мәселені шешу үшін мамандарды шетелде оқыту бағдарламасы жүріп жатыр. Осы орайда, музей ісінде тәжірбиесі бар Түркия, Ресей, Өзбекстан, Болгария сынды елдермен келісім жасалған.
Айта кетейік, Ұлттық музей Италиядағы реставрация институтымен әріптестік орнатпақ.