Ауыл мектебіне жаңа мүмкіндік: мемлекет пен бизнес Президент тапсырмасын бірге жүзеге асырып жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – ШҚО-да ауыл мектептерінің инфрақұрылымы жаңарып, балаларға қаладағыдай жағдай жасалуда.
Шығыс Қазақстанда ауыл мектептерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Мемлекеттік қолдау мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қатар ұштасқан бұл бағыт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл балаларына сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Самар ауданына жұмыс сапары барысында Самар ауылында жаңадан ашылған Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектептің жұмысымен танысты.
40 жылдан астам уақыттан кейін Самар ауылында алғаш рет жаңа мектеп ғимараты бой көтерді. 1 қыркүйекте пайдалануға берілген заманауи екі қабатты білім ордасы 150 оқушыға арналған.
Облыстық бюджет есебінен салынған мектептің жалпы аумағы шамамен 3,8 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда балалардың сапалы білім алуына ғана емес, спортпен айналысып, шығармашылық қабілетін дамытуына да мүмкіндік жасалған.
Мектепте заманауи оқу кабинеттері, спорт залы, кітапхана, асхана, логопед кабинеті, балаларға арналған шағын орталық және шағын футбол алаңы бар.
Жаңа оқу жылында Самар ауданында 172 бала бірінші сыныпқа барса, оның 14-і жаңа мектепте білім алып жатыр.
Мектепті аралау барысында облыс әкімі оқу кабинеттерінің жабдықталуымен танысып, оқушыларға жасалған жағдайды көрді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Ауыл мектептерінде де қаладағыдай жағдай болуы керек. Оқушылар жайлы сыныптарда заманға сай білім алуы тиіс. Осы бағыттағы жұмысты ары қарай жалғастырамыз», — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Аймақ басшысының айтуынша, ауыл мектебін жаңғырту — тек жаңа ғимарат салу емес. Бұл — ауыл баласына сапалы біліммен қатар, заманауи орта мен өз қабілетін дамытуға қажетті мүмкіндіктер беру.
Бұл бағыттағы жұмыстың тағы бір мысалы — Құлынжон ауылындағы жаңа интернат пен спорт кешені.
Нұрымбет Сақтағанов ауылға жұмыс сапары барысында жаңа нысандардың ашылуына қатысты. Интернат шалғай елді мекендерден келетін оқушыларға қолайлы жағдай жасаса, спорт кешені балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді.
Жобаның жүзеге асуына бизнес өкілі, меценат Айдын Рахымбаевтың қаржылай қолдауы көрсетілді. Осылайша, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жүйелі жұмысқа бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де қосылып отыр.
Аймақ басшысы ауыл балаларының өз қабілетін дамытуы үшін таңдау мүмкіндігі мен қажетті кеңістіктің болуы маңызды екенін атап өтті.
Құлынжон ауылындағы Qulynzhon Mektebi биыл 60 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт ішінде білім ордасы ауыл тұрғындарының бірнеше буынын біріктіріп, талай шәкіртке білім мен тәрбие беріп келеді.
Бүгінде мектептерді жаңғырту, жаңа әлеуметтік нысандар салу және бизнес өкілдерін әлеуметтік жобаларға тарту — ауылдардың тұрақты дамуының маңызды бөлігі. Мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысы шалғай елді мекендердегі балаларға сапалы білім алып, спортпен және шығармашылықпен айналысуға тең мүмкіндік беруге жол ашады.