Ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегері 10 есе көбейді — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл мектептерінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерлерінің саны кейінгі жылдары 10 есе өсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясында қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығы айтарлықтай азайып келе жатқанын айтты.
— Ұстазды қадірлей білу — өркениетті қоғамға тән қасиет. Біз ұлт сапасын арттырамыз десек, бірінші кезекте мұғалімдерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл — мен үшін мызғымас ұстаным, — деп атап өтті Президент елордадағы Тәуелсіздік сарайында.
Мемлекет басшысы еліміздегі білім саласын дамыту үшін көп жұмыс атқарылғанын, оның нақты нәтижелері де бар екенін жеткізді.
— Былтыр оқушыларымыз 30-дан астам беделді халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаға қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе ұлғайды. Осылайша, қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығы айтарлықтай азайып келеді. Алайда арқаны кеңге салуға әлі ерте, алдымызда көп жұмыс бар, оны тиімді атқаруымыз қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Президент еліміздегі мектеп құрылысын жандандыруды тапсырған еді.
Қазақстан мұғалімдер беделін нығайту бойынша әлемде екінші орында тұр .